НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик Қытайдағы Чэнду ATP турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған А.Бублик алғашқы айналымда осы жарыстың алтыншы, әлемнің 30-ракеткасы, америкалық Тейлор Фритцпен кездесті.
Бірінші партия америкалық спортшының еншісінде кетті – 6:4.
Бұдан кейін ойын тізгінін уысында ұстай білген А.Бублик есесін жібермей, қалған екі сетті 7:5, 7:5 есебімен ұтты.
Тартысты бәсеке 1 сағат 48 минутқа созылды.
А.Бублик жүлде қоры 1,2 млн астам АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемдік рейтингте 54-сатыда тұрған аустралиялық Джордан Томпсонмен күш сынасады.
29 қыркүйек күні мәреге жететін жарыста америкалық, рейтингте 19-орындағы Джон Иснер бірінші ракетка болып тіркелген.
Өткен жылы финалда италиялық Фабио Фоньиниді жеңген аустралиялық Бернард Томич турнир жеңімпазы атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ухань турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).