НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик Қытайдағы Чэнду ATP турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған А.Бублик екінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсонмен күш сынасты.
Бірінші партияда есеп 5:4 болып, А.Бублик сетке доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Тартыстырақ өрбіген екінші сетте қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен матчты жеңіспен тәмамдай білді – 7:5.
Бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.
А.Бублик Чэнду жарысының (жүлде қоры – 1,2 млн астам АҚШ доллары) жартылай финалына шығу үшін осы турнирдің төртінші, әлемнің 26-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ухань турнирінің ширек финалына шыққанын, ал А.Бубликтің Чэнду додасын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Е.Рыбакина бүгін Беларусь елінің өкілі Арина Соболенкомен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).