НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған отандасы, дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған Михаил Кукушкинмен кездесті.
Бұған дейін қарсыластар бір-ақ рет шеберлік байқасып, онда Кукушкиннің мерейі үстем болған екен.
Бұл жолы Бублик ойын тізгінін бірден қолына алып, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матчта А.Бублик 18 эйс, 4 брейк жасады. Қарсыласы бір брейкке ғана қол жеткізді.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, Беларусь өкілі Егор Герасимовпен таласады.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Уимблдон турнирінің іріктеу сайысында латвиялық Эрнест Гулбистен 3:6, 7:5, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың Олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғау зор мәртебе екендігін айтқанын, Елена Рыбакинаның Истбурн турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).