НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Лондон ATP 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 309-орында тұрған, додаға арнайы шақыртумен қосылған 19 жастағы ұлыбританиялық Джек Дрэйпермен кездесті.
Бірінші партияда ұлыбританиялық теннисші 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.
Д.Дрэйпер тай-брейкке ұласқан екінші сетте де ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ – 7:6 (7:0).
Бәсеке 1 сағат 33 минутқа созылды.
Матч барысында А.Бублик 21 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана өз пайдасына шеше алды. Қарсыласы 6 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Д.Дрэйпер жартылай финалға шығу үшін тағы бір ұлыбританиялық Кэмерон Норримен таласады. Ол ресейлік Аслан Карацевті 7:5, 6:2 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Лондон турнирін жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның Берлин жарысының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Алматы турнирінің ширек финалына шыққан ойыншылар анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).