НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 14-інші, осы жарыстың 11-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен шеберлік байқасты.
Бұған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда А.Бублик жеңіске жеткен екен.
Бірінші партияда А.Бублик басымдылық танытты – 6:4.
Екінші сетте канадалық спортшы есе қайырды – 7:5.
Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бублик брейк жасай алды. Матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.
А.Бублик жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцман немесе рейтингте 27-сатыда тұрған ресейлік Аслан Карацевтің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).