НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда рейтингте 73-орында тұрған мажарстандық Мартон Фучовичпен кездесті.
Қазақстандық теннисші 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағат 24 минутқа созылды.
А.Бублик Марсель (жүлде қоры – 769 670 еуро) жарысының ширек финалына шығу үшін әлемнің 20-сыншы, осы доданың 6-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 69-орындағы Михаил Кукушкин алғашқы кездесуін өзінен он саты төмен тұрған франциялық Пьер-Юг Эрбермен өткізеді.
Өткен жылы осы турнирде М.Кукушкин финалға дейін жетіп, онда грекиялық Стефанос Циципастан ұтылып қалған болатын. С.Циципас биыл чемпиондық атағын қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның рейтингте үздік 20 теннисшінің қатарына енгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).