НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Марсель турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик ширек финалда әлемнің 15-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде Шаповалов есе қайырды - 6:4.
Үшінші, шешуші партияда Бублик 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен канадалық спортшы таразы басын теңестіре алды. Есеп 4:3 болғанда, Бублик брейк жасады. Ақыры матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ - 6:3.
Тартысты бәсеке 2 сағат 14 минутқа созылды.
А.Бублик жүлде қоры 769 670 еуроға бағаланған доданың финалына шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас немесе рейтингте 98-сатыдағы, тағы бір канадалық Вашек Поспишилдің біреуімен шеберлік байқасады. С.Циципас өткен жылғы финалда Михаил Кукушкинді ұтып кеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубай турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).