ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған, негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған испаниялық Педро Мартинеспен кездесті.
Бірінші партияда брейк жасаған П.Мартинес сол басымдығын сақтап қалды – 6:3.
Екінші сетте испаниялық теннисші А.Бубликке бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Бәсеке 52 минутқа созылды.
П.Мартинес екінші айналымда әлемнің 50-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэмерон Норри немесе рейтингте 103-сатыдағы португалиялық Жуан Соузаның біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакина мен З.Диястің рейтингіде жоғары көтерілгенін, қазақстандық теннисшінің Мысырдағы турнирде жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Мадрид турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).