НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик жаңартылған ATP рейтингісінде 46-дан 43-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл – өткен аптада Сингапур жарысының финалына дейін жеткен қазақстандық теннисшінің жеке рекорды.
Бұдан бұрын оның үздік көрсеткіші 45-орын болатын.
Ал Михаил Кукушкин 94-тен 96-ға, Дмитрий Попко 180-нен 183-сатыға сырғыды.
Үздік үштікте бұрынғыша сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль және ресейлік Даниил Медведев келеді.
Әйелдер арасында WTA рейтингісінде аустралиялық Эшли Барти көш бастаса, жапониялық Наоми Осака екінші, румынилық Симона Халеп үшінші орында.
Қазақстандықтардан Елена Рыбакина 23-інші, Юлия Путинцева 28-орнында қалса, Зарина Дияс 84-тен 85-ке төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Сингапур турнирінің финалында ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
А.Бублик енді Роттердам ATP додасында өнер көрсетеді. Оның алғашқы айналымдағы қарсыласы – әлемнің 7-ракеткасы, германиялық Александр Зверев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).