НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Бублик Сингапур турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингте 114-орында тұрған аустралиялық Алексей Попыринмен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда брейк жасаған Бублик сол басымдылығын сақтай алды - 6:4.
Алайда содан кейін ойын тізгінін қарсыласына беріп қойды - 0:6, 2:6.
Финалдық бәсеке 1 сағат 25 минутқа созылды.
Осылайша А.Бублик өзінің спорттық жолында төртінші финалында жеңілді. Бұдан бұрын Ньюпорт, Ченду, Анталияда соңғы бәсекеде есе жіберген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Сингапурда финалға шыққанын, Я.Шведованың Доха турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ елордада челленджер турниріндегі қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).