НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Бублик Сингапур ATP турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 61-ракеткасы, жапониялық Есихото Нисиокамен күш сынасты.
Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте А.Бублик брейк жасап, сосын өз геймін де алды - 6:3.
Екінші сәтте есеп 1:1 болғанда, Бублик тағы да брейкке қол жеткізіп, өз геймін жіберген жоқ - 3:1. Тағы бір брейк 5:2. Ақыры ол жеңіс нүктесін қойды - 6:2.
Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.
А.Бублик финалға шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 35-інші, осы доданың 1-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариноны 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Сингапур жарысын жеңіспен бастағанын, А.Недовесовтің Нұр-Сұлтан турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).