НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бубликтің Монте-Карло мастерс турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда қазіргі кезде дүниежүзілік 236-орында тұрған швейцариялық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін жеңімпазы Станислас Вавринкамен шеберлік байқасады.
Өткен жылы осы ірі жарыста қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде-ақ сүрінген болатын.
Биыл Монте-Карло додасы 10-17 сәуір аралығында өтеді. Онда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович бастаған маңдайалды теннисшілер өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Чарльстон турнирін жеңіспен бастағанын, қазақстандық теннисшілердің Мароккодағы жарыстың финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).