ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бубликтің Рим мастерс турниріндегі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович бастаған мықты теннисшілер сынға түсетін аталмыш жарыс 9-16 мамыр аралығында өтеді.
А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 41-ракеткасы, 2014 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы, хорватиялық Марин Чиличпен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 105-орында тұрған Михаил Кукушкин Рим додасының іріктеу сайысында бүгін әлемнің 78-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Монтейромен күш сынасты.
Тартысты өтіп, 2 сағат 45 минутқа созылған матчта Т.Монтейро 7:6 (7:3), 7:6 (7:1) есебімен жеңіске жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Мадрид мастерс турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).