НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Люденшайд (Германия) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 1-ракеткалары А.Недовесов пен украиналық Денис Молчанов жартылай финалда германиялық Андре Бегеманн – франциялық Альбано Оливеттимен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-украиналық жұп тартысты өткен матчта 7:6 (7:4), 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға созылған бәсекеде А.Недовесов пен Д.Молчанов 1 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін өз есептеріне жазды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкке (9 брейк-пойнт) қол жеткізді.
А.Недовесов пен Д.Молчанов финалда хорватиялықтар Иван мен Матей Шабанов немесе мексикалықтар Ханс Хах – Мигель-Анхель Рейес-Варела жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Германиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын, Зарина Диястың Чикаго турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ал Елена Рыбакина Цинциннати мастерс турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).