Теннис: Александр Недовесов Мароккодағы турнирдің жартылай финалына шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Марракеш (Марокко) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші пәкстандық Айсам Курешимен бірге ширек финалда италиялықтар Марко Чеккинато – Лоренцо Музеттимен күш сынасты.

Қазақстандық-пәкстандық жұп бірінші партияда брейк жасау арқылы басымдылығын танытты – 7:5.

Екінші сетте есеп 4:3 болған мезетте тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен тәмамдады – 6:3.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Куреши 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Олардың жартылай финалдағы қарсыластары бүгін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Мароккодағы жарыстың ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның АҚШ-тағы турнирдің үшінші айналымына өте алмағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Аустралияға жол берді.