Теннис: Александр Недовесов Мельбурн турнирінің финалына дейін жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында спорттық жолында алғаш рет ATP 250 турнирінің финалына дейін жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Недовесов пәкстандық Айшам Курешимен бірге Melbourne Summer Set жарысының алтыншы ракеткалары болып тіркелді.

Қазақстандық-пәкстандық жұп финалда осы доданың 1-ракеткалары, нидерландылық Уэсли Коольхоф - ұлыбританиялық Нил Скупскимен бас жүлдені сарапқа салып, 4:6, 4:6 есебімен жол берді.

Недовесов пен Куреши сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында 2 эйс жасап, 2 брейкке қол жеткізді.

Бұл А.Недовесовтің ATP турнирлеріндегі алғашқы финалы еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аделаида турнирінің финалында жеңіліп қалғанын, қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Қазақстандық теннисшілер Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті бастады.