НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Испаниядағы Марбелья челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге ширек финалда испаниялық Пабло Андухар және швейцариялық, кезінде жекелей сында үш мәрте «Үлкен дулыға» жарысының жеңімпазы атанған Станислас Вавринкамен кездесті.
Александр мен Айсам бірінші партияда қарсыластарын бет қаратпай ұтты - 6:1.
Екінші сет тағдыры тай-брейкте шешіліп, қазақстандық-пәкстандық жұп жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:1).
Жартылай финалда Недовесов пен Куреши чехиялық Роман Жебавы - аустриялық Филипп Освальд немесе ұлыбританиялықтар Джонни О Мара - Кен Скупски жұптарының қай жеңгенімен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Испаниядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).