НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, өткен аптада Санкт-Петербург турнирінің финалына дейін жеткен Андрей Голубев жұптық сында 35-тен 28-орынға көтерілді.
Бұл оның жеке рекордтық көрсеткіші болып табылады.
Сондай-ақ Александр Недовесов жұптық сында 76-дан 75-ке жоғарылады.
Жекелей рейтингіде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 34-тен 36-ға, Дмитрий Попко 162-ден 171-ге, Михаил Кукушкин 159-дан 177-ге сырғып кетті.
Тимофей Скатов 266-дан 264-ке көтерілсе, Денис Евсеев 390-ыншы, Бейбіт Жукаев 749-орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің жұптық сында Санкт-Петербург турнирінің финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).