Теннис: Андрей Голубев жұптық сында Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шықты
09:18, 15 Наурыз 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Индиан-Уэллс ATP Masters 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші германиялық Александр Зверевпен бірге екінші айналымда сальвадорлық Марсело Аревало – нидерландылық Жан-Жюльен Ройермен кортқа шықты.
Қазақстандық-германиялық жұп сағат жарымға созылған ойында 7:6 (7:0), 6:3 есебімен ұтты. Біріншісінде тай-брейкте әбжілдік танытып, екінші сет басында брейк жасаған жұп сол басымдылығынан айырылған жоқ. Олар бәсеке барысында 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін өз есептеріне жазды.
А.Голубев пен А.Зверев жартылай финалға шығу үшін америкалықтар Тэйлор Харри Фриц – Томми Полмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Индиан-Уэллсте Олимпиада чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Аустралияның екі дүркін чемпионын жеңді.