НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Анна Данилина жұптық сында Дубайдағы ITF W 100 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен словакиялық Виктория Кузьмова жартылай финалда таиландтық Пеангтарн Плипуек – индонезиялық Алдила Сутджиадимен күш сынасты.
Бірінші партия таиландтық-индонезиялық жұптың еншісінде кетті – 6:4. Екіншісінде Данилина мен Кузьмова есе қайырды – 6:2. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:4.
Қазақстандық-словакиялық жұп финалда ресейліктер Ангелина Габуева – Анастасия Захаровамен бас жүлдені сарапқа салады. Олар жартылай финалда тартысты бәсекеде индонезиялық Беатрис Гумуля – тайбэйлік Шу-Йинь Сені ұтты – 7:6 (7:3), 4:6, 10:5.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дубайдағы турнирдің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).