НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге соңғы бәсееде германиялық Вивиан Хайзер - мажарстандық Панна Удвардимен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда германиялық-мажарстандық жұп басымдылық көрсетті - 6:4.
Екінші сетте Анна мен Беатрис брейкпен алға шықты - 2:0. Ақыры сол басымдылығын сақтай алды - 7:5.
Супер тай-брейкте де олар 4:0 есебімен алға кетті. Ойын соңында әлденеше матчболды пайдалана алмағанымен, жеңіспен тәмамдады - 10:8.
1 сағат 36 минутқа созылған кездесуде қарсыластар қос-қостан брейк жасады.
Осылайша Анна Данилина жұптық сында спорттық жолында алғаш рет WTA 500 жарысының чемпионы атанды. Енді ол Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Сидней турнирінің финалына шыққанын, Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).