Теннис: Анна Данилина жұптық сында Доха турнирін жеңіспен бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Доха WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы жүлде қоры 2,6 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың 8-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге алғашқы айналымда ұлыбританиялық Саманта Маррей – нидерландылық Бибиана Схоофспен кездесті.

Қазақстандық-бразилиялық жұп 6:0, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Беатрис пен Анна 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 2 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алған жоқ.

Қазақстандық-бразилиялық жұптың екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина жекелей сында дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған румыниялық Жаклин Адина Кристианнан 4:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Дохада әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасына жол бергенін, Александр Бубликтің әлемдегі үздік 30 теннисшінің қатарына кіргенін жазған болатынбыз.