Әлемдік рейтингте төртінші орында келе жатқан қытай қызы Ли Наға канадалық он тоғыз жасар Эжени Бушар қарсылық көрсете алмады. Ли На 6:2, 6:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Екінші жартылай финалда словакиялық, 20-орындағы Доминика Цибулкова мен поляк қызы, әлемнің бесінші ракеткасы Агнешка Радваньска күш сынасты. Кеше белоруссиялық Виктория Азаренкомен ойыннан шаршап қалды ма, А.Радваньска бұл кездесуде сылбыр қимылдады. Есесіне Д.Цибулкова шебер ойын өрнегін көрсетіп, 6:1, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Сөйтіп соңғы сында Ли На мен Доминика Цибулкова күш сынасатын болды.
Әйелдердей емес, ерлер арасында, Новак Джоковичтің жарыс жолынан шығып қалғаны болмаса, күтпеген нәтижелер көп болып жатқан жоқ. Бүгін чехиялық Томаш Бердых пен швейцариялық Станислас Вавринка арасындағы ойыннан кейін алғашқы финалист белгілі болмақ. Ертең жартылай финалда «ескі» достар, испаниялық Рафаэль Надаль мен швейцариялық Роджер Федерер шеберлік байқасады.