НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева жұптық сында Мысырдағы ITF турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шарм әл-Шейх қаласында өткен жарыстың финалында қазақстандық жұптар Г.Айнитдинова мен Ж.Құламбаева және Екатерина Дмитриченко мен Кәмила Керімбаева өзара кездесіп, бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандықтар финалға дейін үш матч өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Соның ішінде жартылай финалда Е.Дмитриченко мен К.Керімбаева сербиялық Барбара Бонич
пен ұлыбританиялық Эмили Линдті 6:3, 5:7, 10:8 есебімен ұтты. Ал Г.Айнитдинова мен Ж.Құламбаева ресейліктер
Дарья Кудашова мен Ноэль Сайденовадан 6:4, 6:7 (4:7), 10:6 есебімен басым түсті.
Финалдық бәсеке де тартысты өтіп, үш сетке созылды.
Алдымен Г.Айнитдинова мен Ж.Құламбаева алға шықты – 6:1. Екіншісінде Е.Дмитриченко мен К.Керімбаева есе қайырды – 6:2. Содан кейін Гөзал мен Жібек жеңісті жұлып
алды – 12:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда теннистен алғаш рет әлемдік турнир өтетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).