ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Швейцарияның Базель қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық Андрей Голубев ресейлік, әлемнің 62-інші ракеткасы Теймураз Габашвилимен шеберлік байқасты.
Бұл кездесуде әлемдік рейтингте 66-орында тұрған Андрей 1 эйс, 3 брейк жасап, 6:3, 6:3 есебімен екі партияда жеңіске жетті.
Екінші айналымда А.Голубев латвиялық Эрнест Гулбис немесе хорват Борна Чоричтің біреуімен кездеседі.
Еске сала кетейік, аталмыш жарыста осының алдында қазақстандық Михаил Кукушкин швейцариялық, дүние жүзінің төртінші ракеткасы Станислас Вавринканы ұтқан болатын. Сөйтіп Базель турнирі қазақстандықтар үшін сәтті басталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).