НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің жеңімпазы атана алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик финалда әлемнің 23-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минаурмен кортқа шықты.
Бірінші партияда есеп 0:2 болған кезде қазақстандық теннисші жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады.
Осылайша 21 жастағы аустралиялық теннисші ATP турнирлеріндегі төртінші табысына қол жеткізді. Ал А.Бубликтің осымен үшінші финалда жолы болмады.
«Кеше тобығымды ауыртып алсам да, бар күшімді жұмсап, матчты бітірдім. Содан кейін үш сағат бойы физиотерапевте болдым. Жарақатыма қарамастан, бүгінгі ойынға дайындалдым. Өкінішке қарай, ATP турнирлеріндегі үшінші финалды да ұта алмадым», - деді матчтан кейінгі сұхбатында Александр Бублик.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Анталия турнирінің финалына шыққанын, М.Кукушкиннің Мельбурн жарысында өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).