НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Аделаида (Аустралия) ATP турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда осы жарыстың бесінші, әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Тейлор Фритцпен кездесті.
Бірінші партия барысында брейк жасай білген А.Бублик сол басымдылығын уысынан шығарған жоқ – 6:4.
Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіп, тай-брейкке ұласты. Мұнда да қазақстандық спортшы есесін жібермеді – 7:6 (7:4).
Бәсеке 1 сағат 39 минутқа созылды.
Матч барысында қазақстандық теннисші 18 эйске қол жеткізді.
А.Бублик Т.Фритцті осымен екінші рет тізе бүктіріп отыр.
А.Бублик екінші айналымда аргентиналық, рейтингте 50-орындағы Хуан Игнасио Лондеро немесе әлемнің 42-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванстың біреуімен шеберлік байқасады.
Ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан аталмыш жарыс 18 қаңтарда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Аделаидада негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).