Теннис: Бублик Австралия чемпионатының негізгі турниріне өте алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик Австралия ашық чемпионатының негізгі турниріне өте алмады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 115-інші орында тұрған А.Бублик іріктеу сайысындағы бірінші кездесуінде әлемнің 202-інші ракеткасы, португалиялық Гонсалу Оливейраны 6:3, 1:6, 6:3 есебімен тізе бүктірсе, бүгін Барбадос елінің өкілі Дэриан Кингпен шеберлік байқасты.

Рейтингте 179-ыншы сатыда тұрғанымен, Д.Кинг оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетті. Бірінші партияда 5:3 есебімен алда тұрған қазақстандық теннисші өзі доп  бергенде, жеңетін мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан кейін есесін жібермеген Кинг 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда бірден брейк жасаған барбадостық теннисші 2:0 есебімен алға шықты. Сосын тағы бір брейк жасап, есепті 4:0-ге жеткізді. Бұдан кейін де Бублик еш қайрат көрсетпей, 0:6 есебімен ұтылып қалды.

Іріктеу турнирінің финалында Д.Кинг әлемнің 140-ыншы ракеткасы, швециялық Элиас Имермен кездеседі.

Айта кетейік, 15 қаңтарда басталатын Австралия ашық чемпионатына Қазақстаннан әйелдер арасында дүниежүзілік рейтингте сәйкесінше 50-інші және 60-ыншы орында тұрған Юлия Путинцева мен Зарина Дияс, ерлерден әлемнің 68-інші ракеткасы Михаил Кукушкин қатысады.