Теннис: Бублик Будапешт турнирінің жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрия астанасы Будапеште мәреге жеткен челленджер турнирінің финалында қазақстандық Александр Бублик италиялық Роберто Маркорамен бас жүлдені сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 21 жасар А.Бублик 172-орында тұрса, қарсыласы, одан 9 жас үлкен Р.Маркора 283-сатыда еді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші италиялық спортшыға бірде-бір гейм берген жоқ - 6:0.

Екінші сет те А.Бубликтің басымдылығымен өтті - 6:3.

Осылайша ол Будапешт турнирінің жеңімпазы атанды.

Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Будапешт турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Астанада Федерация кубогы үшін өткен Қазақстан - Қытай финалдық матчында Зарина Дияс Чжэн Сайсайды ұтты. Юлия Путинцева қарсыласына есе жібергенімен, жұптық кездесуде Галина Воскобоева мен Анна Данилина Қазақстанға жеңіс әперді. Ал Михаил Кукушкиннің Роттердам жарысындағы қарсыласы анықталды.