Теннис: Бублик Дубай турнирінде тартысты матчта жеңіліп қалды
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 32-інші, осы доданың 16-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен күш сынасты.
Бірінші партияда А.Бублик айқын басымдылық көрсетті – 6:2.
Екінші сет тай-брейкке дейін жетіп, онда италиялық теннисшінің асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:2).
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған кезде Бубликтің бірнеше рет қателескенін пайдаланған Синнер брейк жасап кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 5 минутқа созылды.
Я.Синнер ширек финалға шығу үшін әлемнің 11-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агут немесе рейтингте 221-сатыдағы аустралиялық Мэттью Эбденнің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің ATP чемпиондық кестесінде 9-орынға көтерілгенін, М.Кукушкиннің Дубай турнирінің екінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Алматыда жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі өтеді.