НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемнің 30-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачпен өткізді.
А.Бублик бірінші партияда 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде де үстемдік көрсетті – 7:5.
Бұл қос қарсыластың өзара бірінші ойыны еді.
Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды.
А.Бублик жүлде қоры 2,8 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың екінші айналымында әлемнің алтыншы, осы доданың 2-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас немесе рейтингте 27-сатыдағы испаниялық Пабло Карреньо-Бустаның біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Доха турнирінің екінші айналымына шыққанын, Елена Рыбакинаның да жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).