НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің 20-сыншы, осы жарыстың 6-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен күш сынасты.
Бірінші партияда Б.Пэр 6:3 есебімен басым түскенімен, одан кейін қазақстандық теннисші таразы басын аудара білді – 6:4, 6:4.
Бәсеке 1 сағат 36 минутқа созылды.
А.Бублик жүлде қоры – 769 670 еуроға бағаланған доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 15-інші, осы турнирдің 4-ракеткасы, канадалық Денис Шаповалов немесе рейтингте 39-орында тұрған хорватиялық Марин Чиличтің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Марсель турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын, ал Елена Рыбакинаның Дубайда ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).