Теннис: Бублик Мексика ашық чемпионатында жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик Акапулько (Мексика) қаласында өтіп жатқан Мексика ашық чемпионатында аустралиялық Танаси Коккинакиспен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

А.Бублик дүниежүзілік рейтингте 142-інші, ал аустралиялық теннисші 199-ыншы орында тұрған болатын. Соған қарамастан, Т.Коккинакис шеберлік танытып, 1 сағат 10 минутқа созылған матчта 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша жүлде қоры 1,6 млн АҚШ қорынан асатын Акапулько турнирінде А.Бублик алғашқы айналымнан аса алмады. Ол негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған болатын.

Еске сала кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 88-інші ракеткасы Михаил Кукушкин де Дубай турниріндегі бірінші кездесуінде грекиялық Стефанос Циципастан жеңіліп қалған болатын.

Фото: www.eurosport.ru