НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Мексикадағы Леон челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте 98-орында тұрған, осы турнирдің 1-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик алғашқы кездесуін Нидерланды елінің өкілі Скотт Грикспормен өткізді.
С.Грикспордың рейтингте 271-сатыда тұрғанына қарамастан, бірінші партия аса тартысты өрбіді. Ақыры ол тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық теннисші 16:14 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сетте брейк жасаған А.Бублик 4:2 есебімен алға шықты. Содан кейін қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ - 6:3.
Бәсеке 1 сағат 26 минутқа созылды.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 295-ракеткасы, сербиялық Данило Петровичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Елена Рыбакинаның Ыстанбұлдың негізгі турниріне жолдама алғанын, одан екінші айналымға өтіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ал ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкин Будапешт турнирінің екінші айналымына өте алмай қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).