АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик Акапулько (Мексика) жарысының негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Александр Бублик Мексика ашық чемпионаты болып есептелетін турнирдің іріктеу сайысында алдымен АҚШ елінің өкілі Майкл Ммо-ны 6:4, 1:6, 6:1 есебімен ұтты. Содан кейін финалда жапониялық Таро Дэниелді 6:4, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді. Т.Дэниел осы іріктеу сайысының 1-ракеткасы болып тіркелген еді.
Жүлде қоры 1,6 млн АҚШ долларынан асатын Акапулько турнирінде 1-ракетка болып дүниежүзілік рейтингте швейцариялық Роджер Федерерден кейін екінші орында тұрған атақты испаниялық теннисші Рафаэль Надаль тіркелген. Сондай-ақ германиялық Александр Зверев, австралиялық Доминик Тим және басқа белгілі спортшылар бақ сынайды. Турнирдің өткен жылғы жеңімпазы - америкалық Сэм Куэрри.
Жарыс 3 наурыз күні мәреге жетеді.
Айта кетейік, А.Бублик бүгін жаңартылған әлемдік рейтингте 11 сатыға сырғып, 142-інші орынға түсіп қалды. Егер Мексика турнирінде сәтті өнер көрсетсе, рейтингісі жоғарылайтын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).