НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Монтеррей (Мексика) челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте 120-орында тұрған қазақстандық спортшы осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан қосылды.
А.Бублик рейтингте 194-орындағы сербиялық Педжа Крштинмен күш сынасты.
Бірінші партияда бет қаратпаған сербиялық спортшы 6:1 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен содан кейін Александр ойын тізгінін қолына ала білді.
Қалған екі сетте А.Бублик 6:3, 6:4 есебімен қарсыласының меселін қайырды.
Біршама тартысты өткен кездесу 1 сағат 33 минутқа созылды.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 171-ракеткасы, америкалық Митчелл Крюгермен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Монтеррей турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ол Аустралия ашық чемпионатының екі мәрте жеңімпазы, Беларусь елінің белгілі өкілі, әлемнің 67-ракеткасы Виктория Азаренкомен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).