НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Париж ATP 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің сегізінші, осы доданың 6-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен кездесті.
Норвегиялық теннисші шеберлігінің басым екендігін көрсетіп, 6:4, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Матч 1 сағат 17 минутқа созылды. Бәсеке барысында Бублик 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 6 брейкке (16 брейк-пойнт) қол жеткізді.
К.Рууд жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін аргентиналық Диего Шварцман немесе америкалық Маркос Гиронның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Парижде 24 эйс жасап, мастерс турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).