НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик Рим ATP мастерс турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 40-ракеткасы, 2014 жылғы US Open жарысының жеңімпазы, хорватиялық Марин Чиличпен күш сынасты.
Бірінші партияда қарсыластар бірін-бірі ала алмай, мәселе тай-брейкте шешілді, мұнда қазақстандық теннисші әбжілдік көрсетті – 7:6 (7:4).
Есесіне екінші сетте хорватиялық спортшы басым болды – 6:2. Үшінші, шешуші партияда да ол 4:2 есебімен алға кетті. Ақыры М.Чилич матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 14 минутқа созылды.
М.Чилич жүлде қоры 3,8 млн еуроны құрайтын доданың екінші айналымында әлемнің 11-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенмен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, Юлия Путинцева рейтингіде үздік отыздыққа ілікті, ал Елена Рыбакина Рим турнирін жеңіспен бастаған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).