НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланды) ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің жетінші, осы доданың 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен өткізді.
А.Бублик 1 сағат 18 минутқа созылған матчта 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші бәсеке барысында 5 эйс, 4 брейк жасай алды.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін рейтингте 56-орында тұрған америкалық Томми Пол немесе әлемнің 35-ракеткасы, италиялық Лоренцо Сонегоның біреуімен таласады.
Жалпы жүлде қоры 1 млн 117,9 мың еуроға бағаланған айтулы жарыс 7 наурызда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Нұр-Сұлтан турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).