НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Вена ATP турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іріктеу сайысының 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 91-орында тұрған Польша өкілі Камил Майчрзакпен кездесті.
Тай-брейкке дейін жеткен бірінші партияда А.Бублик таразы басын өзіне аудара білді – 7:6 (7:1).
Екінші сетте де басымдылық таныта алды – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.
А.Бублик іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 78-ракеткасы, чилилік Николас Харри немесе рейтингте 93-сатыдағы босниялық Дамир Джумхурдың біреуімен шеберлік байқасады. Егер одан сәтті өтсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Люксембург турнирінің жартылай финалына шыққан болатын. Ол бүгін әлемнің 26-ракеткасы, германиялық Юлия Гергеспен финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).