НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бубликтің Париж мастерс турниріндегі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 5,4 млн еуродан асатын АТР 1000 додасы 2-8 қараша аралығында өтеді.
А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 42-ракеткасы, италиялық Лоренцо Сонегомен кездеседі.
Л.Сонего Аустрияда өтіп жатқан Вена АТР 500 додасына арнайы шақырту алып, айды аспанға шығарды. Ол жарыс барысында әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичті ұтып кетті. Бүгін финалда әлемнің 8-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен чемпиондық атақ үшін таласады.
Париж додасына әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль бастаған мықты теннисшілер қатысады. Өткен жылғы чемпион Н.Джокович биыл бұл атағын қорғамайтын болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын карантинге байланысты Париждегі мастерс жарысының көрерменсіз өтетінін, Astana Open турнирінде финалға шыққан теннисшілердің белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).