Теннис: Чарльстон турнирінде Қазақстанның үш бірдей спортшысы бақ сынайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6-12 сәуірде АҚШ-тың Чарльстон (Оңтүстік Каролина) қаласында теннистен өтетін халықаралық турнирде Қазақстанның үш бірдей спортшысы бақ сынайды.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, аталмыш жарыстың жүлде қоры - 731 мың АҚШ доллары. Қазақстанның үздік теннисшісі Зарина Дияс Чарльстон турниріне 11-інші ракетка ретінде қатысқалы отыр. Оның алғашқы қарсыласы әзірге белгісіз. Тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова бірінші айналымда швейцариялық Стефани Фегельмен кортқа шықса, Юлия Путинцева бұрынғы отандасы, ресейлік Евгения Родинамен күш сынасады.

Айта кетейік, аталмыш турнирдің бірінші және екінші ракеткалары - канадалық Эжени Бушар мен ресейлік Екатерина Макарова. Жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, германиялық Андреа Петкович үшінші болып тіркелген. Басқа да мықтылар бар. Әйелдер арасындағы бұл бәсеке 1973 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.