НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Анна Данилина Дубай WTA турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 287-орында тұрған А.Данилина әлемнің 135-ракеткасы, ресейлік Варвара Флинкпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны В.Флинк өз есебіне жазды - 6:2.
Қазақстандық теннисші бетбұрыс жасап, қалған екі сетті (6:4, 6:4)жеңіспен аяқтай білді.
Бәсеке 1 сағат 39 минутқа созылды.
А.Данилина іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін әлемнің 55-ракеткасы, испаниялық Карла Суарес-Наварромен таласады.
Дубайдың негізгі турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Санкт-Петербург турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Е.Рыбакина финалда әлемнің 8-ракеткасы, Нидерланды өкілі Кики Бертенспен кездеседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).