Теннис: Денис Евсеев Бельгияда іріктеу сайыстарының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев Оттиньи-Лувен-ла-Нёв (Бельгия) челленджер турнирінде іріктеу сайыстарының финалына шықты.
Іріктеу жарысының 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисшіге дүниежүзілік рейтингіде небәрі 1010-орында тұрған бельгиялық Джек Логе тап келгенімен, ойын оңайға түскен жоқ.
Бар шеберлігін салған Д.Евсеев 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 21 минутқа созылған бәсеке барысында Денис 5 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың алтауын мүлт жіберген жоқ. Д.Логе эйс жасамағанымен, 11 брейк-пойнттың тек төртеуін ғана пайдаланды.
Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 277-ракеткасы, түркиялық Джем Илькель немесе рейтингіде 595-сатыдағы грузиялық Николоз Басилашвилидің қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында жасөспірімдер арасында Әмір Омархановтың үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қазақстандық жас теннисшілер жұптық сында Аустралия чемпионатын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші Бельгияда іріктеу сайысын жеңіспен бастады.