Теннис: Денис Евсеев жұптық сында Нұр-Сұлтан турнирінің ширек финалына шықты
Қос Денис бастапқы кездесуін португалиялық Фредерику Феррейра Силва – чехиялық Томаш Махачпен өткізді.
Бірінші партияда португалиялық-чехиялық жұп 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде Евсеев пен Истомин есе қайырды – 7:5. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:7.
Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.
Д.Евсеев пен Д.Истомин жартылай финалға шығу үшін осы жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген канадалықтар Петер Полански – Брейден Шнурмен таласады. Бұл екеуі қазақстандықтар Тимофей Скатов пен Доштанбек Ташболатовты 6:2, 6:1 есебімен оңай жеңді.
Қазақстандықтардың жекелей сында бүгін де жолы болған жоқ. Алдымен Д.Евсеев өзбекстандық Д.Истоминге 7:6 (8:6), 3:6, 3:6 есебімен есе жіберді.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко америкалық Улисс Бланчпен шеберлік байқасты. Әуелі У.Бланч 6:4 есебімен басымдылық танытса, екінші сетте Д.Попко есе қайырды – 6:2. Шешуші, үшінші партия барысында Д.Попко қарсыласын қуып жеткенімен, тай-брейкте жеңісті уысынан шығарып алды – 6:7 (7:9).
Осылайша жекелей сында Қазақстаннан Д.Ташболатов қана қалды. Ол ертең алғашқы айналымда осы доданың 4-ракеткасы, үндістандық Праджнеш Гуннесваранмен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Аделаида турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.