НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев жұптық сында ресейлік Константин Кравчукпен бірге Санкт-Петербург челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Д.Евсеев пен К.Кравчук жартылай финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко және ресейлік Алексей Ватутинмен кездесуі керек еді.
Алайда қарсыластары кортқа шыққан жоқ. Осылайша ойнамастан финалға жолдама алған қазақстандық-ресейлік жұп бас жүлде үшін нидерландылықтар Сэм Вербик – Йеспер де Йонгпен таласады.
Финалдық бәсеке сенбі күні болады.
Осы жарыста Д.Попко жекелей сында ширек финалда чехиялық Иржи Лехечкадан 4:6, 4:6 есебімен есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).