Теннис: Дэвис кубогы кездесуінде Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен алға шықты

АСТАНА.ҚазАқпарат - Белградта өтіп жатқан Дэвис кубогының 1/8 сайысында Сербия мен Қазақстан арасындағы үшінші, жұптық кездесуде Александр Недовесов пен Андрей Голубев Новак Джокович пен Ненад Зимоничпен шеберлік байқасты.

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, қазақстандық жұп бұл матчта айды аспанға шығарып, 6:3, 7:6, 7:5 есебімен қарсыластарын үш партияда ұтты.
Тамаша ойнаған А.Недовесов пен А.Голубев екінші партияда тай-брейкті өз есептеріне жазса, үшінші, шешуші сетте есеп 6:5 болып тұрған сәтте брейк жасап, кездесуді көп созбай, аяқтай білді. Үшінші партия барысында әлемнің бірінші ракеткасы Н.Джоковичтің қапаланғаны сондай, ракеткасын кортқа ұрып, сындырды.
Сөйтіп, үш кездесуден кейін Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен алға шықты. Қай құраманың ширек финалға шығатыны қалған екі ойында шешіледі. 6 наурыз күні алдымен Новак Джокович пен Қазақстанның бірінші, әлемнің 79-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин күш сынасса, содан кейін Александр Недовесов пен Виктор Троицки кортқа шығады. Осы екі кездесудің бірінде қазақстандық теннисші жеңсе, онда Қазақстан құрамасы келесі кезеңге жолдама алады.