«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, алғашқы партияны Қазақстанның бірінші ракеткасы 7:5, екіншісін 6:2 есебімен ұтты. Үшінші, шешуші партияда 3:0 есебімен алға шыққан Михаил кездесуді оңай ұтатындай көрінген. Бірақ бұдан кейін оның қарқыны бәсеңдеп, сербиялық теннисші есепті 2:3-ке дейін қысқартты. Осыдан кейін кездесу тізгінін қайта қолға алған М.Кукушкин есепті 5:2-ге жеткізді. Алайда өзі доп бергенде, бұл басымдылықты пайдалана алмады. Есеп 4:5-ке дейін тағы қысқарды. Дегенмен осы сәтте жеңіске деген жігері мен қайсарлығын таныта білген қазақстандық теннисші шешуші геймді ұта білді. Сөйтіп соңғы партия 6:4 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына аяқталды. 2 сағат 37 минутқа созылған матчта әлемнің 79-ыншы ракеткасы М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингте өзінен әлдеқайда жоғары, яғни 23-інші орында тұрған В.Троицкиді тізе бүктіріп, есепті теңестірді.
Мұның алдында әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович қазақстандық Александр Недовесовті үш партияда (6:1, 6:2, 6:3) оңай ұтып, Сербия құрамасын 1:0 есебімен алға шығарған еді.
5 наурыз күні жұптық кездесу өтеді.