АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Дели қаласында Федерация кубогы үшін өтіп жатқан теннис жарысында Қазақстан құрамасы Үндістаннан басым түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бірінші кездесуде Зарина Дияс қарсыласын ұтқанымен, екінші ойында Юлия Путинцева жеңіліп қалған болатын. Сондықтан шешуші, үшінші бәсекеге З.Дияс пен Ю.Путинцеваның шығуына тура келді. Олар жұптық сында үндістандықтар Анкита Райна мен Пратхана Тхомбаремен шеберлік байқасты.
Қазақстандықтар бірінші партияны 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты. Екінші партия да 6:4 есебімен қазақстандық жұптың жеңісімен аяқталды. Бұл матч небәрі 1 сағат 3 минутқа созылды.
Осылайша, қазақстандықтар Үндістан құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, кеше қазақстандықтар Гонконг елінің өкілдерін 3:0 есебімен жеңген болатын. Ертең Қазақстан осы А тобында Қытай құрамасымен бірінші орын үшін таласады. Қытайлықтардың да еншісінде екі жеңіс бар. Бұл топта жеңімпаз атанған құрама В тобында үздік шыққан командамен ІІ Әлемдік лиганың плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).