НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирде бір күнде үш жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, Д.Попко All Lower level tournaments турнирінде өнер көрсетуді жалғастыруда.
Кеше қазақстандық теннисші кортқа үш мәрте шығып, үшеуінде де қарсыластарын қапы қалдырды.
Д.Попко әуелі канадалық Лиам Дракслдан 6:3, 3:6, 10:3 есебімен басым түсті. Сосын америкалық Эван Кингтің 7:5, 7:6 есебімен меселін қайырды.
Кезекті жарыс күнінің қорытындысында қазақстандық спортшы чилилік Алехандро Табилоны 3:6, 6:1, 10:7 есебімен тізе бүктірді.
Бір күн бұрын Д.Попко америкалық Кэннон Кингслиді 7:6, 4:6, 10:4 есебімен ұтқан еді. Ол тек аргентиналық Хорди Арконадеге ғана 6:3, 3:7, 6:10 есебімен жол берді.
Індет кезінде мұндай додалар жеңілдетілген ережемен өткізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ITF-ден теннис маусымы қашан басталатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).